Атластық Кедр
cedrus atlantica
cedrus atlantica
Кедр ағашы біздің заманымызға дейінгі 1800-нші жылдардағы жазбаларға енген және эфир майын алу үшін ең бірінші дистильденген өсімдік деп есептелінеді. Қазір ол парфюмерияда терең сезімдерге бөлейтін, ароматты біраз “жұмсартатын” әсері үшін, фиксативтік қасиеті үшін үлкен сұранысқа ие.
Кедрдің бірнеше түрі бар, бірақ парфюмерияда жоғары бағаланатыны Атлас кедрі (cedrus atlantica). Биік таулы аймақтарда өсірілетін бұл кедр басқалардан жоғары эфир майы шығымымен, дұрыс сақталса жылдан жылға жақсара түсетін жұмсақ, биязы, нәзік иісімен ерекшеленеді.
Кедр эфир майы бумен дистильдеу арқылы алынады. Парфимерияда ол өз басына өте маңызды нота болып саналуымен қоса, сантал, патчули және ветивер иістерін қайталайтын аккордтар құрамында да қолданылады.
Әлемде тек үш нағыз кедр түрлері бар, олар: отаны Таяу Шығыс болып келетін Ливандық кедр (cedrus libani), Морокконың Атлас тауларында өсетін Атлас кедрі (c. atlantica), және Гималай кедрі (c. deodara). Алайда кипарис әулетіне жататын кей ағаштар, әсіресе арша мен туя түрлері, кедр деп аталып, нарықтарда сатылып келеді. Жабайы өсетін Ливан мен Атлас кедрлерінің саны азайып бара жатқандықтан, қызыл кедр (juniper virginiana) нарықта олардың орнын алмастыра бастады.
Кедрді біз адамзаттың жазба ретінде сақталып қалған ең көне шығармасы (4 мың жыл бұрын)— Гильгамеш туралы эпоста кездестіреміз. Онда Қосөзендегі Урук қаласының патшасы Гильгамеш досы Энкидумен бірге Кедр Орманын бұтап, ағашын Урукқа алып келуді ұйғарады. Ал Кедр Орманын арыстан табанды, денесі қызғылт қабыршақпен қапталған, басында жабайы бұқаның мүйізі бар, құйрығы мен мүшесі жылан басымен аяқталатын құбыжық Хумбаба күзетіп тұрады. Гильгамеш пен Энкиду Хумбабаны жеңіп, қалаларына жеңіспен және кедр ағашымен оралады.
Кедр орманы күзетшісі Хумбабаны жеңген Гильгамеш пен Энкиду. Берлин Тауя Шығыс музейі.
Нота: базалық.
Арома типі: ағашты.
Арома профилі:
өте күшті, тәтті, ағашты, жылы және бальзамды; кебу кезінде ұзақ сақталады.
ағашты, жер-иісті, камфорлы.
Үйлесімді: патчули, сантал, және әсіресе ағаштылармен жақсы үйлеседі.
Эфир
Ғылыми атауы: cedrus atlantica.
Өсімдік бөлігі: ағашы.
Экстракция: бумен дистильдеу.
Май сипаты: ашық сарыдан қоңырға дейін, таза, сәл сұйықтау, ақпа сұйықтық.
Bibliography
Listening to Scent: An Olfactory Journey with Aromatic Plants and Their Extracts. Jennifer Peace Rhind. 2014. Singing Dragon.
The Illustrated Encyclopedia of Essential Oils: The Complete Guide to the Use of Oils in Aromatherapy and Herbalism. Julia Lawless. 1995. Element Books.
Perfume and Flavor Materials of Natural Origin. Steffen Arctander. 1962. Allured.
Chemistry section: Molecules. 2023 Mar 27;28(7):2974 (doi: 10.3390/molecules28072974)
Images: Wikimedia Commons.